Ғылым ордасы
Археология музейі
Музей туралы

ҚазССР Ғылым академиясының 1972 жылғы 15 тамыздағы қаулысына сәйкес Тарих, археология және этнография институтының құрылымында Археология музейі ұйымдастырылды. Музей 1973 жылғы 30 тамызда алғашқы келушілерін қабылдады.

Аталған мекеме Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың бастамасымен құрылып, республиканың археологиялық мұрасын сақтау, жүйелеу және оны ғылыми тұрғыдан зерттеу мақсатында ашылды.

Музейдің қалыптасуы мен ғылыми бағыт-бағдарының айқындалуына Қазақстан археология ғылымының көрнекті өкілдері — Ә.Х. Марғұлан, А.Н. Нүсіпбеков, Г.Ф. Дахшлейгер, К.А. Ақышев, Х.А. Алпысбаев, М.К. Қадырбаев, А.Г. Максимова, Т.Н. Сенигова, К.М. Байпақов, Б.Н. Нұрмұханбетов, З.С. Самашев, Ж.К. Құрманқұлов және басқа да ғалымдар елеулі үлес қосты. Музей тек археологиялық жәдігерлерді сақтайтын орын ретінде ғана емес, сонымен қатар іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін тұрақты ғылыми база ретінде қалыптасты.

Мекеменің ұйымдастырылуы мен одан әрі дамуына қор сақтаушылар, реставраторлар және өнертанушылар — В.И. Садомский, Н.И. Синенькая, Т. Молдасбанова, Р.А. Бектуреева, Б.Б. Қожахметов, Т.И. Кулик, Ж.Т. Рамазанова, А. Горбатов, К. Итенов, А.С. Ермолаева және басқалардың еңбегі зор болды.

Осы кезеңнен бастап Археология музейі республикадағы археологиялық зерттеулердің маңызды ғылыми орталығына айналды. Көпжылдық қызметі барысында ол ғылыми кадрларды даярлау мен археологиялық мұраны жүйелі түрде зерттеу ісінде жетекші рөл атқарды.

Археология музейінің экспозициялық кеңістігі келушіні Қазақстан жеріндегі адамзат тарихының ең көне кезеңдерінен бастап ортағасырлық өркениетке дейінгі ұзақ та бай жолымен жетелейді. Музей залында орналасқан тас дәуіріне арналған витринада палеолит, мезолит және неолит кезеңдеріне жататын тас құралдар, қырғыштар мен кескіштер қойылған. Бұл жәдігерлер ежелгі адамдардың күнделікті тіршілігін, табиғатпен күресін және алғашқы еңбек дағдыларының қалыптасуын көз алдыңызға әкеледі. Қарапайым ғана тас құралдардың өзінен адамзат өркениетінің бастауын сезінуге болады.

Қола дәуірі бөлімі металлургияның дамып, қоғам өмірінде үлкен өзгерістер орын алған кезеңін таныстырады. Мұнда қола қару-жарақтар, еңбек құралдары, әшекей бұйымдар мен қыш ыдыстар ұсынылған. Экспозиция сол заман адамдарының дүниетанымы мен шеберлік деңгейін айқын көрсетеді.

Сака мәдениеті


Ал ерте темір дәуіріне арналған бөлім сақ мәдениетінің жарқын мұраларын қамтиды. Бұл бөлімнің ерекше назар аударарлық жәдігерлерінің бірі – Алтын адам киімінің қалпына келтірілген нұсқасы. Сондай-ақ Берел қорымы №11 қорғанының жерлеу камерасының реконструкциясы мен Берел жылқысының макеті ежелгі көшпелілер өркениетінің жоғары мәдени деңгейін, олардың дүниетанымы мен салт-дәстүрін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.


Ортағасырлық кезеңге арналған бөлім Қазақстан аумағындағы қалалық мәдениеттің гүлденген дәуірін таныстырады. Залда Айша бибі кесенесі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кесенесі макеттері орналастырылған. Бұл сәулет туындылары қазақ жеріндегі рухани және мәдени дамудың айқын айғағы болып табылады. Сонымен қатар ортағасырлық бөлімде Отырар мен Тараз қалаларынан табылған керамикалық бұйымдар, тұрмыстық заттар мен қолөнер үлгілері қойылған. Бұл жәдігерлер Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың халықаралық сауда мен мәдени байланыстың маңызды орталығы болғанын дәлелдейді.

Археология музейі — еліміздегі археологиялық бағыттағы бірегей мамандандырылған музей ретінде келушілерге тек тарихи дерек қана емес, ерекше рухани әсер сыйлайды. Мұнда әрбір экспонат өткен заманның үнін жеткізіп, ата-бабаларымыздың өмірі мен мәдениеті жайлы сыр шертеді. Музейге келген әрбір адам көне дәуірден жеткен құндылықтарды көзбен көріп, тарихпен тікелей жүздескендей әсер алады. Танымдық экскурсиялар, ғылыми-ағартушылық кездесулер мен түрлі мәдени шаралар арқылы музей жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық мұраға деген құрметін арттыруға және отансүйгіштік рухын нығайтуға қызмет етеді. Археология музейіне келу — бұл жай ғана көрме тамашалау емес, бұл Қазақстанның терең тарихына саяхат жасап, өз тамырыңды сезіну мүмкіндігі.


Байланыстар
Жүсіпназар Мағжан Ибрагимұлы
Жүсіпназар Мағжан Ибрагимұлы

Археология музейі меңгерушісі

e-mail: Zhusypnazar@mail.ru

Phone: +7 707 796 70 51

Бегзада Ермек
Бегзада
Ермек

ғылыми қызметкер

e-mail: Bixan090522@mail.ru

Phone: +7 775 155 62 72

Бурамбаева Динара Дастанбековна
Бурамбаева Динара Дастанбековна

қор сақтаушы

e-mail: Burambaevadinara776@gmail.com

Phone: +7 777 004 59 05