Ғылым ордасы
Тарих
1945 жылғы 26 қазан
КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің «КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы негізінде Қазақ КСР Ғылым академиясын құру туралы» қаулысы қабылданды.
1946 ж.
Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылды. Оның тұңғыш президенті болып көрнекті ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев тағайындалды.
1948 ж.
Ғылым академиясы ғимаратының сәулеттік келбеті мен негізгі жобалық шешімдері бекітілді. [Чокин Ш. Ч. Путь Национальной академии наук: (воспоминания и размышления). – Алматы: Ғылым, 1996. – 256 б. (27–28-бб.)].
Жобаның бас сәулетшісі академик Алексей Викторович Щусев болды. Жобалау және құрылыс жұмыстары инженер А. И. Простаковтың жетекшілігімен жүргізілді.
1948–1957 жж.
Қазақ КСР Ғылым академиясының ғимарат кешені салынды. Ғимарат сәулетінде классикалық стиль элементтері мен қазақтың ұлттық ою-өрнектері үйлесімді қолданылған. Құрылыс жұмыстарына жапон әскери тұтқындары тартылған.
1981 ж.
Кешеннің оңтүстік жағында «Ғалымдар үйі» корпусы салынды [«Алматы» энциклопедиясы. – 58-б.]. Жобаның авторлары — сәулетшілер В. Экк, М. Павлов, А. Ордабаев, М. Звонцов, Н. Белоусова және инженер Б. Вагайцев.
2010 жылғы 11 ақпан
Қазақстан Республикасы Үкіметінің №84 қаулысына сәйкес «Ғылым ордасы» мемлекеттік кәсіпорны «Ғалымдар үйі» мен Орталық ғылыми кітапхананы біріктіру арқылы құрылды. Бұл мекемелер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің құрылымында болған.
2023 ж.
«Ғылым ордасы» кешенінде күрделі жөндеу және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Бүгінгі таңда «Ғылым ордасы» — Қазақстандағы ірі ғылыми-мәдени орталықтардың бірі. Оның құрылымына:
-    Орталық ғылыми кітапхана;
-    Табиғат музейі;
-    Археология музейі;
-    Қазақстан ғылымының тарихы музейі;
-    Сирек кездесетін кітаптар музейі;
-    Реставрация және консервация орталығы;
-    Ғылыми кадрларды даярлау орталығы (магистратура және PhD);
-    Ғылыми архив кіреді.

«Ғылым ордасы» — ғылыми-ағартушылық және мәдени қызметті тоғыстырған, отандық ғылымның дамуына, ғылымды насихаттауға, ұлттық мұраны сақтауға және жоғары білікті кадрлар даярлауға ықпал етіп отырған іргелі орталық.