Ғылым ордасы
Ғылыми архив ақпараты

Ғылыми архив ақпараты


ҚР ҒЖБМ ҒК«Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен оның ғылыми мекемелерінің ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметіне қатысты құжаттары ғылыми архив бөлімінің қорында сақталған.

Ұлы ғалымдардың зерделі мұраларын сақтауда «Ғылым ордасының» ғылыми архив маңызды рөл атқаруда. Деректерге бай мұрағат қорлары отандық ғылымның қалыптасуы мен дамуын бейнелейтін құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді. Мұнда Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының ғылыми-ұйымдастырушылық қызметінің және оның мекемелерінің 1932 жылдан басталатын құнды құжаттары жинақталған. Ұлы ғалымдардың зерделі мұраларын сақтауда «Ғылым ордасының» Ғылыми архив 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының құрамында «Ғылым академиясының ғылыми архив» болып құрылған болатын. Ғылыми архивтің негізгі қызметі мұрағаттық қорлардың құрылуын және сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі таңда ғылыми архивте 146 қор бар. Оның ішінде 56-і жеке тұлғалардың қорлары, 92-і жеке ұйымдардың қоры және 1 фотоқор.

Бұл құжаттардың көпшілігі мемлекет үшін маңызы зор, көшірмесі жоқ және түпнұсқасы біздің мұрағатта сақтаулы. Мұрағаттық қорлардың мазмұны да ерекше болып табылады. Қызмет бейініне қарай мұрағатта: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің орталық аппаратында және оның алдында болған ұйымдарда 1927 – 1996 жылдар аралығында қызмет атқарған, қызметтен босатылған азаматтардың жеке істері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының басқару органдарының құжаттары; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі орталық аппаратының құжаттары, басқару құжаттамасы, ғылыми – техникалық құжаттамасы, ғылыми – зерттеушілік құжаттамасы, диссертациялық жұмыстар және жеке құжаттар сақтаулы. Баршаға мәлім, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының алғашқы құрамына ғылым, техника және мәдениет салаларының көрнекті қайраткерлерінен тұратын 14 академик және 16 корреспондент-мүшелері кірді.

Ғылым академиясының бірінші жалпы жиналысында оның президенті болып қазақ және Кеңес Одағының геологы, қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев сайланды. Сонымен қатар, мұрағатта ірі ғалымдардың ғылыми еңбектері, өмірбаяндық құжаттары, қолжазбалары, ғылым және мәдениет қайраткерлерінің хаттары мен фотосуреттері жинақтаулы. Атап айтсақ, Қазақ КСР Ғылым академиясының толық және корреспондент мүшелері: тарихшылар – Е.Б. Бекмаханов, Г.Ф. Дахшлейгер, Т.Е. Елеуов, А.Н. Нүсіпбеков, С.Н. Покровский; әдебиеттанушылар: Н.Т. Сауранбаев, М.С. Сильченко; экономистер: Г.Ч. Чуланов, А.К. Қуанышев, С.Б. Бәишев; археологтар: Г.И. Пацев, Х.А. Алпысбаев, химик: М.И. Горяев, А.Б. Бектұров, ботаник: В.П. Михайлов, геологтер: Барбот де Марин, В.К. Монич, Г.Н. Щерба; математиктер: Т.И. Аманов, К.П. Персидский; металлургтер: А.Л. Цефт, В.Д. Пономарев, М.А. Соколов; астраном: Г.А. Тихов; топырақ зерттеуші: А.И. Безсонов және т.б.