2025 жылы «Ғылым ордасы» тарапынан 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсына, сондай-ақ 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуға өтінімдер беріліп, оң шешім алынды.
2025-2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы аясында 2 жоба ұсынылды:
1. ИРН: BR28712621 – «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу»;
«Ғылым ордасы» РМК-нің Орталық ғылыми кітапханасы араб, парсы, осман-түрік, шағатай, ескі қазақ және төте жазудағы аса құнды әрі бірегей, бірақ жеткілікті зерттелмеген қолжазба мұрасына ие. Бұл мұра Қазақстан мен Орталық Азияның интеллектуалдық, ғылыми және мәдени дамуын баяндайтын маңызды дереккөздерді қамтиды. Алайда, қолжазбаларды жүйелі зерттеу, ғылыми каталогтау және сақтау әдістерінің болмауы оларды жоғалту қаупіне тудырады, себебі көптеген қолжазбалар физикалық тұрғыдан нашар күйде және ғылыми айналымға енгізілмеген. Зерттеу қолжазба мұрасының сақталуына қатысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Біріншіден, Қазақстанда бірыңғай реестр мен орталықтандырылған электрондық дерекқордың болмауы қолжазбаларды инвентаризациялау мен ғылыми зерттеуді қиындатады. Екіншіден, реставрация және кодикология саласының жеткілікті дамымауы, сондай-ақ білікті мамандардың тапшылығы қолжазбалардың физикалық тозуына әкеліп соғуда. Үшіншіден, қазіргі цифрландыру (OCR) технологияларының шағатай жазуына бейімделмеуі қолжазбаларды толыққанды зерттеу мен аударуды қиындатады. Зерттеу мақсаты – қолжазбаларды ғылыми каталогтау, реставрациялау, цифрландыру және кодикологиялық зерттеулер жүргізу. Бұл бағдарлама «Қолжазбатану» ғылыми-зерттеу орталығын құруды, Гарвард университетімен академиялық серіктестік орнатуды, сондай-ақ мамандарды біліктілігін арттыру курстары мен тағылымдамалар арқылы даярлауды көздейді. Бағдарламаның іске асуы Қазақстанның қолжазба мұрасын сақтап, ғылыми қауымдастыққа қолжетімді етуді қамтамасыз етеді. Бұл зерттеудің нәтижелері ғылыми жарияланымдар түрінде ұсынылып, қолжазбаларды зерттеу мен сақтау саласында жаңа мүмкіндіктер ашады.
2. ИРН: BR28713619 – «Палеонтология, зоология, археология, археография қор жинақтарын пәнаралық зерттеу және жаңа материалдармен толықтыру («Ғылым ордасы» музейлері негізінде)».
Бағдарламаның негізгі мақсаты «Ғылым ордасы» музейлерінің палеонтологиялық, зоологиялық, археологиялық, мемориалдық және кітап музей коллекцияларының ғылыми атрибуциялау, музей қорын ғылыми экспедициялар нәтижесінде жаңа құндылықтармен толықтыру, ғылыми каталогын жасау, шығару. Зерттеу бағыттары: палеонтологиялық, зоологиялық, археологиялық, мемориалдық және кітап түріндегі құнды мұра туралы ақпарат пен деректерді жинау, сипаттау, жүйелеу, өңдеу және саралау; палеонтологиялық, зоологиялық, археологиялық, мемориалдық және кітап артефактілерінің сандық көшірмелерін жасау; музей ісінің өзекті мәселелерін талқылауға бағытталған ғылыми-мәдени іс-шаралар; бірегей экспонаттарының 3D үлгілерін жасау; классикалық каталог және көру қабілеті бұзылған адамдар үшін бейімделген инклюзивті каталог; экспонаттар мен артефактілердің тактильді көшірмелері мен макеттерін жасау арқылы ғылыми-көмекші қор базасын құру. Бағдарлама нәтижелері: Халықаралық рецензияланған басылымдардағы мақалалар; бірегей экспонаттарының 3D үлгілері; ғылыми классикалық каталог, инклюзивті каталог; халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, халықаралық ғылыми симпозиум, семинар; көрме. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін инклюзивті каталогты қоса жасау мәдени мұраға қолжетімділікті кең қамтамасыз етудегі маңызды қадам болады.
2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсы аясында келесі жоба қолдау тапты:
1. ИРН: AP26101473 – «Мәмлүк-қыпшақ жазба ескерткіштеріндегі түркілердің жылқыға қатысты мәдениеті» («Байтар-наме» мысалында)».
Жылқы мәдениеті – ықылымнан түркілердің тұрмыс тіршілігімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен біте қайнасып, тарихи-мәдени өмірімен бірге жалғасып келе жатқан ең көне мәдениеті. Жылқы олардың салтында – көлік немесе күнкөріс көзі қана емес, сонымен қатар, байлық пен дәулеттің, жоғары мәртебе мен батырлықтың нышаны болды.
Түркілер өздерінің шыдамды да, төзімді, күй талғамайтын жылқыларымен Еуразияның жартысына дерлік билігін орнатты. Таяу Шығыста мәмлүк-қыпшақ мемелекеті, Үнді-парсы аймағында Ғазнауилер, кейін Моғол мемлекеті, Иран, Қауқаз аумақтарында Илхандықтар билігін орнатса, Ұрымда оғыз тайпалары күллі Европаға қауіп төндірді. Олар билік құрған жерлерде жылқы батпау өнерінің сырымен таныстырды. Бұл өнер сол кезеңде шығармаларда хатталды.
Араб әлемінде түркі халықтарының өнері мен мәдениетін баяндайтын жаңа бағыттағы әдеби мұралар жазылды. Бұған дейін араб-мұсылмандық жазба мәдениетінде грек, латын тіліндегі әдебиеттер аударылып, философиялық, математикалық, географиялық, астрономиялық, медициналық шығармалар жазылып келсе, ХІІІ ғ. бастап алғаш жылқы жануарына арналған ветеринарлық шығармалар және арап-қыпшақ тіліндегі сөздіктер жазыла бастады. Жылқы өнері тек әдебиеттерінде ғана емес, тұрмыс-тіршіліктеріне де сіңіседі.
Мәмлүк Сұлтан Бейбарыс билігі тұсында жылқыға қатысты әдебиетттер саны артты. Алтын Ордамен тығыз саяси-мәдени қарым-қатынаста болған мамлүктер мемлекетінде «Тәржүман», «әл-Идрак», «әт-Тухфа», «әл-Қауанин», «әд-Дурра», т.б. сөздіктер жазылды. Дәл осылай «Байтар-наме» сияқты жылқы туралы да еңбектер жазыла бастады.
Түркі мәдениеті жазылған мұндай жазба ескерткіштер бірнеше елдің кітапханаларында сақталды. Олардың бірқатарына іргелі зерттелсе, енді бірі үстіртін шолумен шектелді. Сондықтан, араб-мұсылман әдебиетіндегі жылқы өнеріне қатысты жазба ескерткіштерді жинақтап, отандық ғылымға ұсыну, қазақ тіліне аударып, қалың оқырманға таныстыру, кешенді зерттеу үшін осы жоба ұсынылды.
Жобаның мақсаты «Байтар-наме» және басқа да араб-парсы шығармаларындағы жылқы өнеріне қатысты мәліметтерді жинақтап, түркі халықтарының орны мен рөлін анықтау. Қазба ескерткіштерден көне ғасырларда жылқы мәдениетінің отаны Қазақстан территориясы болғаны белгілі болса, жобада ортағасырлардағы жазба ескерткіштерден бұл мәдениет қалай дамыды, қаншалықты тарады, қандай жазба мұра қалды деген сұрақтарға жауап ізделеді.
«Байтар-наменің» бүгінде екі қолжазбасы белгілі: бірі Париж Ұлттық кітапханасында, екіншісі Стамбул қаласындағы Топкапы сарайының қорында. Жобада ол қолжазбалар өзара салыстырлып, сыни мәтіні жасалып, қазақ тіліне аударылады және жазба деректер негізінде мына мәселелер қаралады:
қыпшақтардың атбегілік өнерінің араб әдебиеттеріндегі мәліметтері;
жылқы тұқымдары мен олардың ерекшеліктері;
мәмлүк-қыпшақтардың атты әскер жасақтаудағы жылқы таңдау критерийлері;
қыпшақ, араб атбегілік өнеріндегі өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтары;
жазба деректердегі қыпшақ атбегілігінің қазақ мәдениетіндегі іздері, сабақтастығы;
мәмлүк-қыпшақ жылқы емдеу әдістерін салыстырмалы түрде зерттеу;
араб-қыпшақ сөздіктеріндегі жылқыға қатысты терминдер, атаулар, танымдарды анықтау.
Бұл мәселелерді зерттеуге араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген, жазба жәдігерлерді зерттеген білікті ғалымдар, PhD докторанттары мен магистранттар тартылады. Жас ғалымдар деректану, мәтінтану, этнография, антропология зерттеу салаларына бейімделеді.
Жобада жүргізілген ғылыми-зерттеу нәтижелері ЖОО студенттеріне «Мәдениет тарихы», «Деректану», «Ортағасырлық әдебиет», «Әдебиет тарихы», өзге пәндер бойынша дәрістер өткізу және шығыс тілдерін оқыту барысында пайдаланылады. Жобада жинақталған жазба деректер көшірмелері кітапхана, мұражайларға ақсысыз табысталады, қорларын жаңа жазба деректермен байытады.
Жоба міндеттері «Архив–2025» мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаттарына сай келеді; ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың отырыстарында ұлттық құндылық, тарихи, мәдени мұра сабақтастығы, тарихы жөнінде көтерген мәселелерін; ҚР Президенті жанындағы III Ұлттық құрылтайдың негізгі міндеттерінің бірі – қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту, тапсырмаларын жүзеге асыруға ықпалдасады.