Қазақстан ғылымының тарихы музейі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Тұран-Иран» ғылыми зерттеу орталығымен бірлесе отырып, қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, философ Абай Құнанбайұлының 180-жылдық мерейтойына орай «Абай мектебі мен ұлт зиялылары» атты танымдық іс-шара ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – қазақтың ұлттық болмысының қалыптасуына зор үлес қосқан ұлы ақын Абайдың шығармашылығы мен рухани мұрасын мәңгілік есте қалдыру және оны Шығыс мәдениетімен ұштастыра отырып, ұлттық руханиятты, ғылымды, мәдениетті насихаттау. Танымдық іс-шараға мәдениет, білім салаларының өкілдері, зерттеуші ғалымдар, Иран мәдени орталығы елшілігінің өкілдері және т.б. қонақтары қатысып, баяндама оқыды. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Тұран-Иран» ғылыми зерттеу орталығының директоры, шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан мәдениет қайраткері Ислам Жеменейдің қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті мен тіліне арналған, қазақ және парсы тілдерінде жахылған кітаптарының тұсауы кесілді.