Ғылым ордасы
Музейлер

Археология музейі экспозициялар

Археология музейінің экспозициялық кеңістігі келушіні Қазақстан жеріндегі адамзат тарихының ең көне кезеңдерінен бастап ортағасырлық өркениетке дейінгі ұзақ та бай жолымен жетелейді. Музей залында орналасқан тас дәуіріне арналған витринада палеолит, мезолит және неолит кезеңдеріне жататын тас құралдар, қырғыштар мен кескіштер қойылған. Бұл жәдігерлер ежелгі адамдардың күнделікті тіршілігін, табиғатпен күресін және алғашқы еңбек дағдыларының қалыптасуын көз алдыңызға әкеледі. Қарапайым ғана тас құралдардың өзінен адамзат өркениетінің бастауын сезінуге болады.

Қола дәуірі бөлімі металлургияның дамып, қоғам өмірінде үлкен өзгерістер орын алған кезеңін таныстырады. Мұнда қола қару-жарақтар, еңбек құралдары, әшекей бұйымдар мен қыш ыдыстар ұсынылған. Экспозиция сол заман адамдарының дүниетанымы мен шеберлік деңгейін айқын көрсетеді. 

Ерте темір дәуіріне арналған бөлім сақ мәдениетінің жарқын мұраларын қамтиды. Бұл бөлімнің ерекше назар аударарлық жәдігерлерінің бірі – Алтын адам киімінің қалпына келтірілген нұсқасы. Сондай-ақ Берел қорымы №11 қорғанының жерлеу камерасының реконструкциясы мен Берел жылқысының макеті ежелгі көшпелілер өркениетінің жоғары мәдени деңгейін, олардың дүниетанымы мен салт-дәстүрін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Ортағасырлық кезеңге арналған бөлім Қазақстан аумағындағы қалалық мәдениеттің гүлденген дәуірін таныстырады. Залда Айша бибі кесенесі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кесенесі макеттері орналастырылған. Бұл сәулет туындылары қазақ жеріндегі рухани және мәдени дамудың айқын айғағы болып табылады. Сонымен қатар ортағасырлық бөлімде Отырар мен Тараз қалаларынан табылған керамикалық бұйымдар, тұрмыстық заттар мен қолөнер үлгілері қойылған. Бұл жәдігерлер Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың халықаралық сауда мен мәдени байланыстың маңызды орталығы болғанын дәлелдейді.




Возврат к списку