Ғылым ордасы
Музейлер

Қазақстан ғылымының тарихы музей экспозициясы

Музей отандық ғылым саласының қалыптасу, даму тарихын көрсететін үш экспозициялық залдан тұрады: 

1. Қазақстан ғылымының ежелгі дәуірінің қайнар көздері. Қазақстан ғылымының пайда болуы. XIX ғасырдың ағартушы-ғалымдары.

2. Кеңес дәуіріндегі Қазақстан ғылымының қалыптасуы мен дамуы.

3. Тәуелсіз Қазақстан ғылымы.

Бірінші экспозициялық зал «Қазақстан ғылымының ежелгі дәуірінің қайнар көздері» бөлімінде Қазақстан аумағында б.з.д. І мыңжылдықта мекен еткен сақ тайпаларының мәдени мұрасы, көне түркі дәуірі жазба ескерткіштерінің үлгілері көрсетілген. Музей экспозициясында еліміздің аумағында өмір сүрген ортағасырлық шығыстың көрнекті ғалымдарының еңбектері ұсынылған. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің, Орталық Азиядағы тұңғыш обсерваторияның негізін қалаған Ұлықбек, Әбу Әли ибн Сина, Мұхаммед ибн Мұса Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари және сопылық ілімді дамытушы Қожа Ахмет Йасауи, т.б. еңбектері экспозицияда ерекше орын алады. Сондай-ақ Орталық Азиядағы ең ірі кітапханалардың бірі болған Отырар кітапханасының диорамасы көрсетілген.

Сонымен қатар XVIII-XIX ғасырларда қазақ даласын зерттеген орыс зерттеушілері И. Левшин, П.И. Рычков, В.В. Бартольд, В.В. Вельяминов-Зернов, П.П. Семенов-Тян-Шанский және т.б. ғылыми еңбектері мен Орыс географиялық қоғамының қызметіне арналған экспозиция қойылған. 

Экспозициялық залда қазақ ағартушылары – Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен қызметін сипаттайтын деректер келтірілген.

«Кеңес дәуіріндегі Қазақстан ғылымының қалыптасуы мен дамуы» атты екінші экспозициялық залы ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында ағартушылық пен ұлттық сананы ояту жолында қызмет еткен қазақ ұлттық интеллектуалдық элитасы – Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Жұмабаев, т.б. өмір жолы және шығармашылығымен басталады.

Экспозициямыз әрі қарай кеңестік кезеңдегі отандық ғылым саласының қалыптасуы мен дамуына арналады. Мұнда 1932 жылы КСРО ҒА Қазақстандық базасы құрылған сәттен Қазақ КСР Ғылым академиясына дейінгі тарихы баяндалады. Сондай-ақ экспозициялық кешенімізде Қазақ КСР ҒА-ның негізін салған және алғашқы президенті, металлогения мектебінің негізін қалаған – академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірі мен қызмет жолы айрықша орын алады.  Сонымен бірге Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми бағыттары бойынша құрылған ғылыми-зерттеу институттарының еліміздің ғылым саласындағы қызметі, онда қызмет еткен ғалымдарымыздың өмірі жайлы қызықты мәліметтер мен ғылыми жетістіктері, архивтік құжаттар, экспонаттар, фотосуреттер және т.б. қойылған. Залымыздың ортасында қазақ ғылымының қара шаңырағы – ҚР Ұлттық Ғылым академиясы ғимаратының макеті орналасқан (сәулетшісі А.В. Щусев).

Музейдің «Тәуелсіз Қазақстан ғылымы» атты үшінші экспозициялық залы – үш негізгі бағыт: жаратылыстану, техникалық және гуманитарлық ғылымдар бойынша қазақстандық ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстары, жаңалықтары мен өнертабыстары туралы құнды материалдарды ұсынады. 

Бүгінгі таңда Қазақстан ғылымының тарихы музейі Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын отандық ғылымның қалыптасуы және даму тарихымен таныстыруын жалғастыруда. Жыл сайын музей қоры қазақстандық белгілі ғалым, академиктердің заттарымен толықтырылуда. Еліміздегі қазақ ғылымының тарихын жүйелеп көрсететін алғашқы бірегей музейдің жас ұрпақтың өз тарихы мен ғылымға деген қызығушылығын оятуда, отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін арттыруда маңызы зор. 


Бірегей экспонаттар


  • Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Дінмұхаммед Қонаевтың жеке дүрбісі.

  • Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, белгілі академик Ісмет Кеңесбаев қолданған «Rheinmetall» баспа машинасы. Бұл жазба машинасы тек ғылыми маңызымен ғана емес, сондай-ақ ұлттық тіл ғылымының тарихына қатысты құнды экспонат болып табылады.

  • Келесі ерекше экспонаттардың бірі – 1964-1967 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болған академик Ш.Ш. Шөкинге тиесілі 166 табиғи минералдардан құрастырылған пирамида түріндегі сувенир.

  • 1988-1994 жылдары ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ө.М. Сұлтанғазинге Киото университетінің профессорлары сыйға тартқан ноутбук.


Возврат к списку