Ғылым ордасы
РГП «Ғылым ордасы» Қазақстан ғылымының тарихы музейі
Музей туралы

Қазақстан ғылымының тарихы музейі Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындардың кейбір мәселелері туралы» 2010 жылдың 11 ақпанындағы №84 қаулысының және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Ғылым музейін» құру туралы» 2010 жылдың 1 маусымындағы №35 бұйрығының негізінде құрылды.

Бұл музей – Қазақстан ғылымының тарихы жайлы сыр шертетін, біздің мемлекетіміздің көп жылдық ғылым тарихын зерттеу және таныту мақсатында құрылған тұңғыш мекеме. Музейдің негізгі мақсаты – Қазақстан ғылымының пайда болғаннан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі жай-күйін сипаттайтын және отандық ғылым және мәдениет салаларының қайраткерлері, олардың ғылыми, мемлекеттік, қоғамдық және мәдени қызметін сипаттайтын заттай, жазба, қолжазба, бейнелеу, кино, фото, фонодеректерді жинақтау, сақтау, зерттеу және көпшілікке ұсыну.

Қазақстан ғылымының тарихы музейінің негізгі міндеттері
01
Қазақстан ғылымының пайда болу, қалыптасу және даму үрдісін зерттеу;
02
Қазақстан ғылымының тарихы бойынша іздеу жұмыстарын ұйымдастыру, іс-сапарлар ұйымдастыру, жинақталған мәліметтерден қорларды жабдықтау, жүйелеу, сақтау, зерттеу және жүйелеу;
03
Музейде және музейден тыс ғылыми-зерттеу және ағартушылық жұмыстар жүргізу; лекция, экскурсия, музей сабақтары, ғылым саласы өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру;
04
Тақырыптық-экспозициялық жоспарларды дайындау, экспозиция және көрмелерді ұйымдастыру;
05
Қазақстан ғылымының тарихын насихаттау;
06
Басылым жұмыстарын жүзеге асыру;
07
Конференция, семинар, көрмелер ұйымдастыру, ғылыми-әдістемелік база қалыптастыру;
08
Қазақстанның, жақын және алыс шетелдердің профильді мекемелерімен ғылыми-зерттеу, мәдени байланыстарды орнату.

Музейдың негізгі қызметі

Бүгінгі таңда музей ғылыми зерттеу жұмыстары бағытында Қазақстан ғылымының тарихы бойынша зерттеулер жүргізуде; ғалымдармен, ғылыми зерттеу институттарымен бірлесе отырып экспонаттардың мәдени-тарихи және көркемдік құндылықтарын анықтап, ғылыми айналымға енгізуде; Қазақстан, алыс және жақын шет елдердің музей, кітапхана, архив және т.б. мекемелеріне ғылыми және іздеу іс-сапарларын ұйымдастыруда.

Экспозициялық-көрме жұмыстары саласында музей Қазақстан ғылымының қалыптасуы, дамуы туралы көпшілік арасында ғылыми-ағартушылық жұмыстарын жүргізуде; экспозициялар мен көрмелер ұйымдастыруда. Мәдени-ағартушылық жұмыс саласында орта және кәсіби білім беру орындарының оқушылары, студенттер, ғылыми қызметкерлер, музей қызметкерлері және Қазақстан ғылымының даму тарихына қызығушылық танытатын келушілер үшін экскурсиялар, іс-шаралар ұйымдастыруда; отандық ғылым саласы өкілдерімен кездесулер, айтулы мерейтойлар қарсаңында жылжымалы көрмелер ұйымдастыруда; жолсілтеушілер, музей экспонаттары мен экспозицияның каталогы, буклеттер, библиографиялық анықтама, аннотация, мақалалар мен ғылыми жарияланымдар дайындауда.

Музейдің қор жүмысы саласы бойынша музей қорына тиісті экспонаттарды жинақтау, жабдықтау жұмыстарын жүргізуде; негізгі және қосалқы қордың сақталуына қажетті жағдай жасауда; қор есептерін жүргізуде; музей заттары мен экспонаттарының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті іс-шаралар жүргізуде; музей қорлары туралы электронды база дайындауда.

about-1.jpg
11067
Жалпы экспонаттар саны
6617
Негізгі қор
4450
Ғылыми-қосалқы қор
Музей экспозициясы

Музей отандық ғылым саласының қалыптасу, даму тарихын көрсететін үш экспозициялық залдан тұрады:

01
Қазақстан ғылымының ежелгі дәуірінің қайнар көздері. Қазақстан ғылымының пайда болуы. XIX ғасырдың ағартушы-ғалымдары.
02
Кеңес дәуіріндегі Қазақстан ғылымының дамуы мен қалыптасуы. ҚР ҰҒА-ның тарихы, оның президенттері Қ.И.Сәтбаев, Д.А.Қонаев, Ш.Шөкин, Ш.Есенов, А.М.Қонаев, М.Айтхожин, Ө.М.Сұлтанғазин, К.Сағадиев және еліміздің ғылымының дамуына үлес қосқан академиктер мен ғалымдарымыздың жетістіктері, ҒЗИ-лардың даму тарихы көрсетілген.
03
Тәуелсіз Қазақстан ғылымы. Экспонаттар саны – 11 мыңнан астам.
Бірінші экспозициялық зал

«Қазақстан ғылымының ежелгі дәуірінің қайнар көздері» бөлімінде ежелде Қазақстан аумағында б.з.д. І мыңжылдықта мекен еткен сақ тайпаларының мәдени мұрасы, көне түркі дәуірі жазба ескерткіштерінің үлгілері көрсетілген. Музей экспозициясында еліміздің аумағында өмір сүрген ортағасырлық шығыстың көрнекті ғалымдарының еңбектері де ұсынылған. Атап айтқанда, «әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидың еңбектері ерекше қызығушылық тудырады. Одан әрі орта ғасырларда өмір сүрген шығыс ғұламалары және олардың еңбектері көрсетілген: Орта азиядағы тұңғыш негізін қалаған Ұлықбек, Еуропа елдерінде «Авиценна» есімімен танылған дәрігер – Әбу Әли Ибн-Сина, Мұхаммед ибн Мұса Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари және сопылық ілімді дамытушы Қожа Ахмет Йасауи және т.б. Музей қонақтарының ерекше қызығушылығын тудыратын – орта ғасырлық Отырар қаласының диорамасы. Көптеген деректерде Отырар қаласында Орта Азиядағы ең ірі кітапханалардың бірі болғандығы және оны әл-Фарабидің өзі жинақтай бастағаны жазылады. Музейімізде дәл осы Отырар кітапханасынан қаланың сауда көшесіне көрініс бейнеленген. 

XVIII-XIX ғасырларда қазақ даласын зерттеген орыс зерттеушілері мен Орыс географиялық қоғамының қызметіне арналған экспозицияда Қазақтардың қоныстануының географиялық картасын», И.Левшин, П.И.Рычков, В.В.Бартольд, В.В.Вельяминов-Зернов, П.П.Семенов-Тян-Шанский және т.б. ғылыми еңбектері көрсетілген. .Олар қазақ даласының тарихы, этнографиясы, тілі мен салт-дәстүрлері туралы құнды деректерді жинап, қазақ мәдениетінің ғылыми тұрғыда зерттелуіне негіз салды. Сонымен қатар, залда Орыс географиялық қоғамының қызметі де ерекше атап өтіледі – бұл қоғам Қазақстанды географиялық, табиғи-тарихи және этнографиялық тұрғыда кешенді зерттеген. 

Сонымен қатар, экспозицияда ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушыларының ішінде Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин сынды ғұламалардың еңбектерін, фотосуреттері қойылған. Аталған тұлғалардың қазақ қоғамының сауатын ашуға қосқан үлесі жайлы деректер өте көп.

Екінші экспозициялық зал

«Кеңес дәуіріндегі Қазақстан ғылымының дамуы мен қалыптасуы» деп аталатын екінші экспозициялық залда ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында ағартушылық пен ұлттық сананы ояту жолында қызмет еткен Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері туралы мол мағлұмат берілген. Бұл залда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев сынды ұлт зиялыларының өмір жолы мен шығармашылығы, олардың қазақ халқының тәуелсіздігі мен мәдени дамуына қосқан үлесі жайлы құнды деректер мен жәдігерлер ұсынылған. Алаш қайраткерлерінің тарихи фотосуреттері, баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары, кітаптары және өзге де мұрағаттық материалдар арқылы олардың ұлт болашағына сіңірген еңбегі жан-жақты көрсетілген.

Музейіміздің кеңестік кезеңдегі отандық ғылым саласының дамуына арналған экспозициясында 1932 жылы КСРО ҒА Қазақстандық базасы құрылған сәттен ҚазақКСР Ғылым академиясы ретіндегі тарихы баяндалады тарихы көрсетілген. Экспозицияда ҚазақКСР ҒА-ның негізін қалаушы және алғашқы президенті болған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірі мен қызмет жолы кеңінен қамтылған.

Қазақстандағы металлогения мектебінің негізін қалаған ғалымның 1924 жылы жазған «Алгебра» оқулығы, ғылым жолында жазған еңбектері, фотосуреттері және т.б. жеке заттары көпшілік назарына ұсынылған. Экспозицида 1946 жылы Қазақ КСР ҒА-ның алғашқы академиктері мен мүше-корреспондерінің фотосуреттері мен жеке заттары, академияның бөлімдері де көрсетілген.

Институттардың ғылыми жетістіктері, іргелі зерттеулері мен жобалары жайлы материалдар, архивтік құжаттар, фотосуреттер мен тарихи жәдігерлер арқылы кеңестік кезеңдегі қазақстандық ғылымның қалыптасу тарихын тереңірек тануға мүмкіндік бар. Ғылым академиясының алғашқы аккадемиктерінің бірі, қазақ тілі білімінің негізін қалаушы Ісмет Кеңесбаевтың баспа машинасы ерекше қызығушылық тудырады. ХХ ғасырдың 40-жылдары Германияда өндірілген «Rheinmetall» баспа машинасы қазақ әліпбиі негізінде жасалған. Музейдің екінші залында 1951-57 жылдар аралығында сәулетші, Сталин сыйлығының үш мәрте иегері, академик А.Щусаевтің жобасымен салынған ҚР Ұлттық Ғылым академиясы ғимаратының макеті орналасқан.

Музейдің үшінші экспозициялық залы

«Тәуелсіз Қазақстан ғылымы» деп аталады. Бұл залда еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары отандық ғылым саласында қол жеткізілген маңызды жетістіктер мен табыстар көрсетілген. Экспозиция үш негізгі бағыт бойынша топтастырылған: биология ғылымдары, техникалық ғылымдар және гуманитарлық ғылымдар. Әрбір бағыт бойынша қазақстандық ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстары, жаңалықтары мен өнертабыстары туралы құнды материалдар ұсынылған. Экспозицияда еліміздің ғылымына үлес қосқан көрнекті ғалымдардың еңбектері мен олардың ашқан жаңалықтары, заманауи ғылыми құралдар мен технологиялық жетістіктер бейнеленген. Сонымен қатар, Қазақстанда жүргізілген биологиялық зерттеулер, техника мен инженерия саласындағы инновациялар, сондай-ақ тарих, тіл, әдебиет пен философия сияқты гуманитарлық бағыттағы ғылыми жетістіктер де жан-жақты қамтылған. Бұл зал Тәуелсіз Қазақстанның ғылыми әлеуеті мен қазіргі заман талабына сай жаңашыл көзқараспен дамып келе жатқан ғылым салаларын паш етеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан ғылымының тарихы музейі Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын отандық ғылымның қалыптасу және даму тарихымен таныстыруын жалғастыруда. Жыл сайын музей қоры қазақстандық белгілі ғалым, академиктердің заттарымен толықтырылуда. Сонымен қатар, музей қызметкерлері музейдің ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық бағыттары бойынша да жұмыстар атқаруда. Еліміздегі ғылым тарихына арналған жалғыз музейдің жас ұрпақтың өз тарихына деген қызығушылығын арттыруда, отансүйгіштікке баулуда, патриоттық сезімін арттырудағы маңызы зор.


Қазақстан ғылымының тарихына арналған елдегі жалғыз музей жас ұрпақтың өз тарихына деген қызығушылығын арттыруда, Отанына деген сүйіспеншілікті қалыптастыруда және патриоттық сезімдерді тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.


Бірегей экспонаттар
binokl

Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Дінмұхаммед Қонаевтың жеке дүрбісі. Бұл құнды экспонатты музейге 2010 жылы 23 шілдеде оның немере інісі Диар Қонаев сыйға тартты.

typing

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, белгілі академик Ісмет Кеңесбаев қолданған баспа машинасы. Бұл «Rheinmetall» герман концернінде арнайы тапсырыспен жасалынған кеңсе жазба машинкасы. Оның басты ерекшелігі – қазақ әліпбиі негізінде жасалуы. Бұл көне баспа құрылғысы ғалымның ғылыми-зерттеуіне және қазақ тілінің фонетикалық пен лексикографиялық еңбектерін жазуда қолданған негізгі құралдарының бірі болған. Бұл жазба машинасы тек ғылыми маңызымен ғана емес, сондай-ақ ұлттық тіл ғылымының тарихына қатысты құнды мәдени мұра ретінде де ерекше қызығушылық тудырады.

peramide

Келесі ерекше экспонаттардың бірі – минералды тастардан жасалған пирамида түріндегі сувенир. Аталған экспонат Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техникалық ғылымдарының докторы, профессор, 1964-1967 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болған Шапық Шоқыұлы Шокинге тиесілі. Қазақстанда кездесетін 166 табиғи минералдардан құрастырылған сувенирдің академикке 1966 жылы инженер П.Н.Коморов сыйға тартқан.

pc

1988-1994 жылдар аралығында Ғылым академиясының президенті қызметін атқарған математик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазинге Киото университетінің профессорлары сыйға тартқан ноутбугы. 2010 жылы бұл құнды жәдігерді музейге оның жары Райхан Ғаниқызы табыстады.


2025 жылдың 21 қарашасында

«Ғылым ордасы» РМК Қазақстан ғылымының тарихы музейі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы «Алтын-Емел» мемориалды музейімен бірлесе отырып, тарихшы, этнограф, фольклорист, саяхатшы, ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай ғылыми-мәдени, танымдық іс-шара ұйымдастырды. Іс-шара барысында Ш.Ш. Уәлиханов ескерткішінің алдына гүл шоқтары қойылып, ғалым мұрасына тағзым жасалды. Іс-шараның негізгі бөлімінде ағартушының ғылыми еңбектері мен отан тарихындағы орнын айқындау мақсатында тақырыптық баяндамалар оқылып, келушілер назарына «Алтын-Емел» музейі қорынан алынған экспонаттар: ғалымның еңбектері, құжаттары, фотосуреттері мен жеке заттарынан тұратын көрме ұсынылды. 

Іс-шараға мәдениет және ғылым саласын қайраткерлері, ғалымдар, музей мамандары, мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысты.



Қызметтер

Қазақстан ғылымының тарихы музейі орта және кәсіби білім беру орындарының оқушылары, студенттер, ғылыми қызметкерлер, жалпы Қазақстан ғылымының даму тарихына қызығушылық танытатын келушілер үшін экскурсиялар жүргізеді.

Қорда жинақталған материалдар негізінде ғылыми-зерттеу институттарымен, мектеп, кітапхана, музей және басқа да ұйымдармен бірлесіп, музейде және музейден тыс әртүрлі тақырыптық, мерейтойлық және ғылыми-көпшілік көрмелер ұйымдастырады.

Ғылым саласы өкілдерімен кездесулер, ғылыми конференция, семинар, дәріс өткізу және т.б. іс-шараларды өткізеді.

Галерея

Раздел не найден.

Жаңалықтар
2024 жылдың 8 ақпанында

музей қызметкерлері №174 мектеп-гимназиясында «Музей мектепте» атты іс-шарасын ұйымдастырды

2025 жылдың 27 қарашасында

музейдің кіші ғылыми қызметкері Бақберсін А. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Алматы қаласының балалар ғылыми музейін» құру жөніндегі жоба командасы ұйымдастырға

2025 жылдың 16 мамырында музей

музей қызметкерлері «QazBioPharm Ұлттық холдингі» ұйымдастырған көрмеге қатысып

Наурыз айында

ШЖҚ «Ғылым ордасы» мен Иран Ислам Республикасы өкілдері арасындағы өзара серіктестік жайлы келісімге сәйкес «Ғылым ордасында» өткен парсы тілі курсына музейдің ғылыми қызметкері Шәкір С. қатысып, біліктілігін арттырды