ҚазССР Ғылым академиясының 1972 жылғы 15 тамыздағы қаулысына сәйкес Тарих, археология және этнография институтының құрылымында Археология музейі ұйымдастырылды. Музей 1973 жылғы 30 тамызда алғашқы келушілерін қабылдады.
Аталған мекеме Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың бастамасымен құрылып, республиканың археологиялық мұрасын сақтау, жүйелеу және оны ғылыми тұрғыдан зерттеу мақсатында ашылды.
Музейдің қалыптасуы мен ғылыми бағыт-бағдарының айқындалуына Қазақстан археология ғылымының көрнекті өкілдері — Ә.Х. Марғұлан, А.Н. Нүсіпбеков, Г.Ф. Дахшлейгер, К.А. Ақышев, Х.А. Алпысбаев, М.К. Қадырбаев, А.Г. Максимова, Т.Н. Сенигова, К.М. Байпақов, Б.Н. Нұрмұханбетов, З.С. Самашев, Ж.К. Құрманқұлов және басқа да ғалымдар елеулі үлес қосты. Музей тек археологиялық жәдігерлерді сақтайтын орын ретінде ғана емес, сонымен қатар іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін тұрақты ғылыми база ретінде қалыптасты.
Мекеменің ұйымдастырылуы мен одан әрі дамуына қор сақтаушылар, реставраторлар және өнертанушылар — В.И. Садомский, Н.И. Синенькая, Т. Молдасбанова, Р.А. Бектуреева, Б.Б. Қожахметов, Т.И. Кулик, Ж.Т. Рамазанова, А. Горбатов, К. Итенов, А.С. Ермолаева және басқалардың еңбегі зор болды.
Осы кезеңнен бастап Археология музейі республикадағы археологиялық зерттеулердің маңызды ғылыми орталығына айналды. Көпжылдық қызметі барысында ол ғылыми кадрларды даярлау мен археологиялық мұраны жүйелі түрде зерттеу ісінде жетекші рөл атқарды.
Археология музейі — еліміздегі археологиялық бағыттағы бірегей мамандандырылған музей ретінде келушілерге тек тарихи дерек қана емес, ерекше рухани әсер сыйлайды. Мұнда әрбір экспонат өткен заманның үнін жеткізіп, ата-бабаларымыздың өмірі мен мәдениеті жайлы сыр шертеді. Музейге келген әрбір адам көне дәуірден жеткен құндылықтарды көзбен көріп, тарихпен тікелей жүздескендей әсер алады. Танымдық экскурсиялар, ғылыми-ағартушылық кездесулер мен түрлі мәдени шаралар арқылы музей жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық мұраға деген құрметін арттыруға және отансүйгіштік рухын нығайтуға қызмет етеді. Археология музейіне келу — бұл жай ғана көрме тамашалау емес, бұл Қазақстанның терең тарихына саяхат жасап, өз тамырыңды сезіну мүмкіндігі.
| Жүсіпназар Мағжан Ибрагимұлы | Археология музейі меңгерушісі | Zhusypnazar@mail.ru | +7 707 796 70 51 |
| Бегзада Ермек | ғылыми қызметкер | Bixan090522@mail.ru | +7 775 155 62 72 |
| Бурамбаева Динара Дастанбековна | қор сақтаушы | Burambaevadinara776@gmail.com | +7 777 004 59 05 |