Сирек кездесетін кітаптар музейі Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ғылым ордасы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жарғысына және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2010 жылғы 1 маусымдағы №35-ПР бұйрығына сәйкес құрылған. Музейдің негізгі мақсаты – музей қорындағы жәдігерлер мен коллекцияларды сақтау, зерттеу және көпшілікке таныстыру, сондай-ақ ғылыми, тарихи-мәдени мұраны насихаттау, ғылыми-зерттеу, білім беру және мәдени-ағартушылық қызметтерін жүзеге асыру.
Музейдің басты міндеті – бірегей басылымдар мысалында кітаптың алғашқы қолжазба нұсқаларынан қазіргі заманғы полиграфиялық үлгілерге дейінгі даму жолын көрсету, сонымен қатар барлық дәуір мен халықтардың рухани мәдениетінің ең қымбат ескерткіші – кітапқа деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін қалыптастыру. Бұдан бөлек, музей кітап сүйер қауым үшін отандық кітап тарихы мен мәдениетін насихаттайтын орталық ретінде қала өмірінде маңызды орын алады.
Музейдің тұрақты экспозициясы төрт негізгі бөлімнен тұрады:
- «Қазақ даласының байырғы жазба мұралары»;
- «Қолжазба – ғасырлар мұрасы»;
- «Алғашқы отандық басылымдар»;
- «Латын графикасындағы қазақ басылымдары».
«Қазақ даласының байырғы жазба мұралары» бөлімінде түркілерден бастап ежелгі жазу мәдениетінің қалыптасу тарихы баяндалады.
«Қолжазба – ғасырлар мұрасы» бөлімінде адамзат өркениетінде өшпес із қалдырған Орта Азия ғалымдарының ортағасырлық қолжазбалары, діни, тарихи және әдеби шығармалары қойылған. Мұнда Хафиз Ширазидің «Диуанының» қолжазбасы, «Ибрахим Адхам», «Ер Хубби» дастандары мен Қожа Ахмет Ясауи мен Шах Машрабтың хикметтері қамтылған қолжазба жинағы, «Мухтасар әл-уиқая» трактатының қолжазбасы, «Канз аш-Шариф» еңбегі, сондай-ақ «Рисала Кабрия», «Үтір-нама», «Мисбах әл-Ануар» атты литографиялық кітаптары мен Алишер Науаидің әйгілі «Хамса» шығармасы ұсынылған.
«Алғашқы отандық басылымдар» экспозициясында Қазақстанның ғылымы мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан ұлы ғалым-ағартушылардың еңбектерінің алғашқы басылымдары, сонымен қатар әртүрлі оқулықтар, әдеби шығармалар, лирикалық және батырлық жырлар сақталған.
«Латын графикасындағы қазақ басылымдары» бөлімінде ХХ ғасырдың 20–40-жылдары латын әліпбиімен жарық көрген, қоғамдық және тарихи тұрғыдан маңызды басылымдар көрсетілген.
2024 жылдан бастап музей Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің құрамына еніп, қазіргі уақытта 1600-ден астам сақтау бірлігін қамтитын музейлік қорымен Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет кітапхана-музей бөлімі ретінде қызметін атқарып келеді.