Табиғат музейі әртүрлі білім беру және ғылыми мекемелермен, экологиялық ұйымдармен, мектептермен, жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатады. Бұл өзара әрекеттестік музей жұмысының аясын кеңейтіп, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық тәрбие беру және табиғат туралы ғылыми білімді насихаттау бағытындағы бірлескен жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
2022 жылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мырзабек Құдайберлі мен музейдің "Табиғат және экология" бөлімінің эколог маманы Кенжеғұлова Дина "Ғылым ордасы" Табиғат музейінің жұмысымен арнайы танысу үшін келген. Музей директоры Мырзабек Құдайберлі: «Келгендегі басты мақсатымыз музейлер арасында тәжірибелік қарым-қатынас орнату», - деп атап өтті.
Қонақтарға “Ғылым ордасы” Табиғат музейінің меңгерушісі Гүлжан Назымбетова арнайы экскурсия жүргізіп, әрбір экспонаттың тарихымен және маңызымен таныстырды. Музейдің 60 жылдық тарихы бар екендігіне байланысты, мұндай маңызды кезеңдер мен қызықты ақпараттарды бір кездесуде толықтай жеткізу мүмкін болмағандықтан, екі жақ әлі де кездесіп, толығырақ ақпарат алмасуға уағдаласты.
Экскурсия соңында Құдайберлі Рахымбекұлы Гүлжан Шайзатқызына Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі жайлы кітаптарды сыйға тартып, осы ынтымақтастықтың маңызды әрі пайдалы екендігін білдірді. Сонымен қатар, Гүлжан Назымбетова Ақмола облыстық музейінің қызметкерлеріне дәріс оқып, музей саласындағы тәжірибесі мен білген-түйгендерімен бөлісуге шақырды.